Алматыда жаңа оқу жылында колледж студенттеріне арналған 3 жатақхана ашылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы жаңа оқу жылында колледж студенттері үшін 510 мың орындық 3 жатақхана ашу жоспарланып отыр. Мұндай деректі ӨКҚ алаңында өткен брифингте Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, Алматыда барлығы 85 колледж жұмыс істейді, оның ішінде 23 мемлекеттік және 62 жекеменшік. Онда 80 205 студент бәлім алып жатыр.

«Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғаяды, егер 2021 жылы 11 405 орын болса, ағымдағы жылы - 16 500 орын, өсім 5 095 орынды немесе 44,6% құрады. Осының арқасында тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 2021 жылмен салыстырғанда 3 300 орынға немесе 10% - ға өсті (2021 жылы - 36 478 адам, 2022 жылы - 39 618 адам)»,- деді басқарма басшысы.

Айтуынша қалада 32 жатақхана бар. Онда 3556 студент тұрады, оның ішіне 2500 төсек-орынға арналған 12 мемлекеттік колледж жанындағы 13 жатақхана, және ЖОО жанындағы жеке колледждердегі 1256 төсек-орны бар 19 жатақхана кіреді.

«Қазіргі уақытта қаладан тыс тұратын студенттерге арналған студенттік жатақханаларда орын тапшылығы 2500-ден астам. Бұл мәселені шешу бойынша бірқатар шаралар қабылданды:

- биыл наурыз айында Алматы құрылыс-техникалық колледжінің іргелес аумағында 60 орындық жатақханасы ашылды;

- биыл 12 шілде әкімдіктің қаулысымен Алматы сән және дизайн колледжіне 300 орындық жатақханаға ғимарат берілді;

- 2022 жылдың соңында 150 орындық сервистік қызмет көрсету колледжіне арналған жатақханаға арналған 4 қабатты ғимарат сатып алынды. Бүгінгі таңда жатақханада ағымдағы жөндеу жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 70 млн теңге бөлінді»,-деді Ләззат Жылқыбаева.

Айтуынша, осы жылдың 1 қыркүйегіне 510 төсек-орынға арналған 3 жатақхана ашу жоспарда.