«Жайлы жағдай жасау, Алматы экологиясын жақсарту жөніндегі кешенді шаралар біздің басты міндеттеріміз болып табылады. Жаңа саябақ Jasyl Almaty жобасы аясында құрылатын қаланың жасыл белдеуінің маңызды бөлігіне айналады», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Жаңа парктің құрылуына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ірі құрылыс компаниялары қолдау көрсетті. Желілі парктің алаңы – 107,1 га. Ол Алатау ауданында Б.Момышұлы көшесінің батысында орналасқан.
Бірінші кезеңде 3,2 га алаңда көгалдандыру аясында 600-ден кем емес жапырақты ағаш көшеттері, оның ішінде шегіршін, шаған және қара өрік отырғызылады.
Еске салсақ, Алматыда екінші жыл Jasyl Almaty бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында үш жылда 1 млн ағаш отырғызу қарастырылған. Бүгінде қаланың барлық аудандарында 530 мыңнан астам ағаш егілді.
Биыл 350 мың көшет отырғызу басталды, қазіргі кезде орындалғаны – 115 мыңға жуық ағаш.
Бақытжан Сағынтаев іс-шараға қатысушыларды, жобаға қолдау көрсеткен меценаттарды, сондай-ақ барша қала тұрғындарын келе жатқан басты мерекемен құттықтады.