Алматыда жаңа спорт кешені салынып жатыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл спорт кешенінің құрылысы жөніндегі шешім ҚР Тұңғыш Президенті қорының Қамқоршылар кеңесінде қабылданған болатын. Жоба Қала құрылысы кеңесінде мақұлданды. Спорт кешенінің құрылыс жұмыстары үдерісінің операторы - "Мүліктерді басқару дирекциясы", ал Бас мердігері «РИАН инжиниринг Лтд» ЖШС-тері болды. Демеушілер қаржысына салынатын кешендегі жоспарланған инвестиция көлемі 10 миллион АҚШ долларына жуық. Аумағы 4,4 гектар болатын бұл спорт кешенінде мына құрылымдар болады: 66 автомашинаға арналған жер асты көлік тұрағы бар бас кеңсе, 25 метрлік жүзу бассейні, балалардың жүзу бассейні, жабық 2 теннис корты, әмбебап ойын залы және әкімшілік пен келушілердің қажеттілігі үшін бірқатар қосымша бөлмелер. Сондай-ақ спорттың ойын түрлеріне арналған әмбебап ғимарат; 2,5 мың адамға арналған трибунасы және жүгіру жолдары бар шөп төселген стадион; 4 ашық теннис корты; жасанды төсеніші бар 3 шағын футбол алаңдары мен 100 автомашинаға арналған көлік тұрағы болады. Ондағы жабық құрылымдар - 11,5 мың шаршы метр, ал ашық құрылымдар - 33,5 мың шаршы метр аумақты құрамақ.