Алматы қаласы ІІД-нің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Қазыбаевтың айтуынша, бұл күндері Алматы полицейлері күшейтілген кесте бойынша жұмыс істеп, жалпы саны екі мыңға жуық полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз еткен. «31 қаңтар күні 11 қылмыс жасалды, оның 9-ы ізі суымай тұрып ашылды. Полиция қызметкерлері бір зорлаушыны, төрт тонаушыны, алты ұрлықшыны ұстады, Оның төртеуі пәтерлерді тонаған. Біз өткен жылғы тәжірибені ескере отырып, биыл кешенді жұмыс күштерін ұлғайттық. Әсіресе тұрғын үйлер мен адамдар көп шоғырланған жерлерді бақылауға алдық. Бұл тарапта «Қауіпсіз аула» бағдарламасы тиімділігін көрсетті», - деді ол.
Оның айтуынша, мереке күндері 18 жастағы К. есімді көлік ұрлаушы анықталып, ұсталған. «Ол Жаңа жыл түні «Лексус» автокөлігін ұрлау барысында құрықталды. Таба алмай жүрген көлік ұрлаушы біздің жол полиция және криминалдық полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігінің арқасында ұсталды», - деп атап өтті ол.