Алматыда "Жаңажылдық марафон" event-фестивалі өтеді

АЛМАТЫ. 2 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматыда 9-11 қараша аралығында "Метро" түнгі клубында бірінші қалалық "Жаңажылдық марафон" event-фестивалі өтеді. Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстандағы мерекелер мен шараларды ұйымдастыру, бұл саланы дамыту мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында аталмыш шараның ұйымдастырушылары мәлім етті.

"Үш күн бойғы фестиваль барысында Жаңа жылға арнайы дайындалған әртістер мен музыканттардың жаңа нөмірлерінің тұсаукесерлерін көре аласыздар. Нөмірлер арасында кәсіпқойлармен қатар, дебютті, сондай-ақ премьералық қойылымдар болады. Сатып алушылар, яғни шараны ұйымдастырушылар орындаушылардың өзімен, не болмаса продюссерлерімен тікелей кездесе алады. Онда әр әртістің бағасы ашық айтылатын болады. Әр келушіге қатысушылардың ұсыныстары мен таныс хаттар (визиткалар) беріледі. Әрбір нөмір бейне камераға жазылып Chesnok.kz сайтына енгізілетін болады",-деді жобаның авторы Вячеслав Неруш. Оның айтуынша, бұл фестиваль жаңажылдық корпоративті шараларды ұйымдастырушыларға шоу-бағдарламаларды құрып, жасауға не болмаса басқа да мерекелерде жаңа қызықты нөмірлермен көріктеуге көмектеседі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальге шынайы жанрдың әртістері, музыкалық командалар, перфоманс-шоулар, жүргізушілер мен бишілер қатысады.

Бүгінде оған 40-тан астам қатысушылар ұсыныстарын білдірген. Олардың қатарында Мұрат Мұтырғанов, "Dream Ligths" от шоуы, "Сейшн" арт-балеті, "Танго" тобы, "Диана" шоу балеті Сергей Губердің би-пародиялық нон-стоп шоуы және тағы да басқа өнерпаздар бар.

«Праздник» агенттігінің президенті, «Тимбилдинг» компаниясының директоры Павел Токарчуктың айтуынша, Қазақстанда шоу-бизнес дамуда. "Корпоративті кештерде шығатын өнерпаздардың деңгейі бірнеше рет ТВ-де шыққан адамдардан жоғары. Талап жылдан жылға өсіп келеді", -деді ол.