12:23, 24 Сәуір 2009
Алматыда Жандаев оқулары халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «География ғылымының актуальды мәселелері» тақырыбында Жандаев оқулары халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бесінші рет ұйымдастырылып отырған мәслихатта табиғаттың сел, қар көшкіні сынды апаттық құбылыстары мәселелерін болжау және мониторинг жүргізу, оларды басқару бағытында жаңа технологияларды қолдану мәселелері сөз болуда. Сондай-ақ жаһандық жылынуға орай Орталық Азия мен Қазақстандағы мұздықтардың еруі, шөлді жерлердің көбеюі, трансшекаралық өзендер, олардың бастауларын реттеу жайы да арнайы талқылануда. Шараға Батыстың белгілі ғалымдары қатысуда. Олардың қатарында Лондон университетінің профессоры Мишель Кларк, Дортмунд университетінің профессоры Бурхард Мейер, еліміздің және Қырғызстанның ғалымдары бар.2001 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан конференцияға Қазақстандағы геоморфология ғылымдарының негізін салушы, профессор, география ғылымдарының докторы Мұқатай Жандаев есімі берілген. «Мұқатай Жандаев 1916 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері. Воронеж университетінің түлегі. ҚазҰУ-дың оқытушысы, 1974 жылы геоморфология кафедрасын ұйымдастырды әрі оны басқарып, 500-ден астам геоморфологтар дайындап шығарды», - дейді ҚазҰУ-дың геоморфология и картография кафедрасының меңгерушісі Нұржан Керімбай.