Алматыда жапон мәдениетінің фестивалі өтті (ФОТО)
Осы орайда музейде дәстүрлі түрде жапон елінің маңызды тарихи кезеңдері, киім үлгісі, қолөнер бұйымдары жайында жекелеген көрмелер ұйымдастырылды.
«Жапония мәдениетінің фестивалі Қазақстанда осымен 10-шы рет өткізіліп отыр. Ол дәстүрлі түрде осы наурыз айында ұйымдастырылады. Шараның басты мақсаты - қала тұрғындарына күншығыс елінің мәдениеті, салт-дәстүрі және әдет-ғұрыптарымен жақынырақ таныстыру», - деді Қазақстан-Жапония орталығының директоры Жанар Оразғалиева.
Фестивальға келушілер алдымен жапон дабылшыларының тайко деп аталатын ұлттық аспаптағы өнерін, сондай-ақ, кэндо - семсерлесу шеберлерінің өнерін тамашалады.
«Фестиваль аясында осы музейде сәндік-қолданбалы өнер, оригами, маталарды бояуға және өрнектеуге арналған қағаз трафарет, иероглиф жазу, жапондардың ұлттық тағамдарын және шай әзірлеу рәсімі бойынша шеберлік сыныптары болады», - деді Ж. Оразғалиева.
Айта кетелік, аталмыш іс-шара Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен өткізілді.