Алматыда жапон тілінен шешендік өнер сайысы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 12 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетінде жапон тілінен шешендік өнер сайысы өтіп жатыр.

Шараны ұйымдастырушылар - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жапонтану кафедрасы, Жапония елшілігі, Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы, Жапон тілі оқытушылары қауымдастығы.

Сайысқа еліміздің ЖОО-лары мен Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығының студенттері қатысуда. Байқаудың тақырыбы әр түрлі: Қазақстан жастарын патриоттық рухта тәрбиелеу, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас, Қазақстандағы тілдік саясат, мамандықты таңдау және т.б.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосар үлесі мол.

«Жапон тілінде шешендік өнер сайысын өткізудің саяси, мәдени, ағартушылық мәні бар. Қазақстан ЖОО-ларының студенттері сайысқа қатысу арқылы өз біліміне деген сенімдерін, жапон тілінде әдеби тілде мәнерлеп сөйлеуді, өз ойларын еркін жеткізуді дамытады»,-деді ҚазҰУ жапонтану кафедрасының меңгерушісі Ләйлә Балақаева. Оның айтуынша, шешендік өнер сайысы жапон бөлімінің студенттерінің күнделікті өмірінде, сабақ барысында, баяндама, реферат жазып, қорғау кезінде қажет. «Шешендік өнер, әсіресе дипломаттарға, үгітшілерге, оқытушылар, ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер мен бизнесмендерге қажетті өнерлердің бірі, сондықтан шешен болу, шешен сөйлей білу тек көңілі сүйген іс қана емес бүгінгі таңда қажеттілік болып отыр»,-деп атап өтті ол.