Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлердің шығыны қалай өтеліп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Өңірлік комиссия Алматыдағы зардап шеккен бизнес субъектілерінен келіп түскен барлық өтінішті қарады. Бұл туралы брифинг барысында қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, шағын және орта бизнеске келтірілген залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссия өтініштерді қысқа мерзімде қарап, мемлекеттік қолдау көрсетіп, қала экономикасын қалпына келтіруді жеделдетті.

Еркебұлан Оразалин атап өткендей, Info Kazakhstan электронды платформасына 1188 кәсіпкерден 1355 өтінім келіп түсті.

Қалған 216 өтініш пысықтау үшін жолданды (120 өтініш бойынша құжаттардың толық топтамасы ұсынылмады, 96 өтініш жеңілдетілген механизм шеңберінде өтем сомасымен келіспеуіне байланысты, сот сараптамасына жолданды).

«Өңірлік комиссия мәжілісінің қорытындысы бойынша 5 286,5 млн. теңге сомасындағы 1139 өтініш, оның ішінде, 4 194,6 млн. теңге сомасындағы 595 өтініш бюджет қаражаттарынан, 1 091,9 млн. теңге сомасындағы 544 өтініш «Жаңа Алатау» қорының қаражаттарынан мақұлданды»,- дейді ол.

Еркебұлан Оразалин Кәсіпкерлер палатасы зардап шеккен субъектілер, олардың саны, келтірілген шығын көлемі туралы мәліметтерді мезгіл-мезгіл нақтылап, жаңартып отыратынын еске салды.

«Негізінен сауда және қызмет көрсету секторы зардап шекті. Өтінімдердің көпшілігі азық-түліктік емес тауарларды, аяқ киімдерді, киімдерді сатумен айналысатын кәсіпкерлерден, сондай-ақ тұрмыстық техниканы, зергерлік бұйымдарды сататын сауда-ойын-сауық орталығының аумағында орналасқан айырбастау пункттері мен дүкендердің иелерінен келіп түсті», - деді Еркебұлан Оразалин.

Зардап шеккен бизнесті толық қамту және қала экономикасын тезірек қалпына келтіру мақсатында Комиссия хатшылығы құжаттардың толық пакетін ұсыну бойынша көмек көрсету үшін Qoldaý кәсіпкерлік орталығының жанынан консультациялық штаб ашты.

Өтемақы әлі төленбеген зардап шеккен кәсіпкерлер жұмыс күндері 9.00-ден 18.00-ге дейін мына мекенжай бойынша: Алматы қаласы, Байзақов көшесі, 303, 101 кабинетке кеңес алу үшін жүгіне алады.

Өңірлік комиссияның келесі отырыстары 2022 жылғы 12, 15 және 18 наурызға жоспарланған.

Брифингке Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов қатысып, зардап шеккен бизнесті қолдау үшін «Күш – бірлікте» қоры құрылғанын айтты.

Комиссия шешімінен кейін Қор қаражаты объектілері тоналған және бұзылған Алматыдан және басқа өңірлерден келген кәсіпкерлерге бөлінеді.