Алматы қалалық ПД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының мәліметінше, 20 мен 24 жас аралығындағы алты ер адам ұсталды.
«5 қаңтарға қараған түні «Шаңырақ» ықшамауданындағы үйлердің бірінде болгарканың көмегімен темір арматураның бөліктерін (70 см) дайындап, келесі күні жаппай тәртіпсіздіктің қатысушыларына таратқандығы анықталды. Куәгерлер бұл іс-әрекетті ұялы телефонның камерасына түсіріп алған. Бейнежазбадан адамдардың ГАЗель жүк машинасынан арматураны түсіріп жатқанын көруге болады. Іс-әрекет Төле би даңғылының бойында шығыс бағытта орын алды», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Ұсталғандарға ҚР ҚК-нің 272-бабы 2-бөлігі бойынша жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айып тағылып отыр. Олар қамауға алынды.
«Күдіктілер тәртіп сақшылардың денсаулығына зақым келтіру мақсатында тәртіпсіздікке қатысушыларға тарату үшін түні бойы қасақана темір арматуралар дайындағанын мойындады»,- дейді полиция өкілі.