Ауруханада арнайы білезіктерді қолданатын шұғыл көмек көрсетудің үш деңгейлі «3H жүйесі» енгізіліп отыр.
«Қабылдау бөліміне науқас келіп түскеннен соң, арнайы тәлім алған медбике ол туралы ақпараттарды жинақтап, тексеру бөлмесіне жібереді. Науқасқа оның мәліметтері мен штрих код көрсетілген арнайы білезік тағылады. Бұл дәрігерге науқас туралы мәліметтер базасынан ақпараттар алуға көмектеседі. Білезіктің түсі сырқаттың жағдайына қарай әртүрлі болады. Қызыл - өте ауыр, сары- жағдайы орташа, жасыл - жарақаты жеңіл дегенді білдіреді», - деді Ермек Желдібаев.
Осыдан кейін науқас «Emergency room» деп аталатын арнайы аймаққа барады. Онда тағы да үш түсті палаталар болады. Шағын бөлмеде науқасты бірден бірнеше маман емдейді.
«Бұрын науқастарды тексеруге жеке-жеке бөлмелерге жіберетінбіз. Адам онда кезек күтіп қалатын. Бұл жүйенің ерекшелігі де осында, қажетті дәрігерлердің барлығы тексеру аймағынан табылады. Мәселен, жарақаты жеңілдері «жасыл» түсті бөлмеге барса, «сары» түсті білезіктегі сырқат стационарлық ем қабылдауға жолданады. Өте ауыр халде келген науқастар бірден «қызыл» түсті белгідегі бөлмеге жіберіледі», - деді ол.
Аталған ауруханада күн сайын 150-180 науқас қабылданады. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жартысы жол апаты, тұрмыстағы жанжал кесірінен әр түрлі деңгейде жарақаттанғандар. Ауруханаға 2017 жылы барлығы 55 мың адам келген. Олардың ішінде 17 мыңы жарақаттарына байланысты ауруханаға жатқызылған.