Алматыда жартасқа өрмелеуден жастар арасындағы Азия чемпионаты өтеді

АЛМАТЫ. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда шілденің 24-26-сы күндері спорттық жартасқа өрмелеуден жастар арасындағы Азия чемпионаты өтеді,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  Аталмыш бәсеке елімізде  тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отыр. Бұл мәртебеге қазақстандықтар өткен жылы Жапонияда өткен дүбірлі додада  қол жеткізді. Онда ұлттық құрама сапынан 6 спортшы - Азия чемпионы, алтауы жүлдегер атанған болатын. Сондай-ақ жалпы командалық есепте қазақстандықтар топ жарды. Ал екінші-үшінші орынды  Жапония мен Корея құрамалары бөлісті. Биыл Алматыдағы "Табаған" спорт кешенінде жалауы көтерілетін бұл байрақты бәсекеге  Гонконг, Жапония, Корея, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Үндістан сияқты елдердің командалары қатыспақ.