Алматыда жарты жыл ішінде 50 мыңнан астам контрафактілік аудио және бейне өнімдері тәркіленді - Әділет департаментінің бас маманы

None
Ы. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда 38 332 контрафактілік аудио және бейне өнімдерін жою шарасы өтті.

«Әділет департаментінің интеллектуалдық меншік құқықтары бөлімі «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының өкілдерімен бірлесіп мамырдың 14-і мен маусымның 2-сі аралығында сауда орындары мен жайма базарларда рейд жүргізді. Біздің бұл жоспарлы іс-шарамыз кезінде 38 332 контрафактілік бейне және аудио өнімдері тәркіленді. Олардың жалпы құны 11 миллион 893 мың 800 теңгені құрайды», дейді Әділет департаментінің жетекші маманы Бауыржан Бұйраев. Оның айтуынша, бұған дейін сәуір айында өткен рейд кезінде олар 15 мыңдай заңсыз аудио және бейне өнімдер тәркілеген. Бұл жолы олардың саны 2 еседен асып отыр. Департамент қызметкерлері «Нұр Отан» ХДП өкілдерінің қатысумен жыл басынан бері 75 тексеру өткізген. Онда 43 құқық бұзушылықты анықталып, сотқа 30 әкімшілік істер жіберіліп, сот шешімімен заң бұзушыларға 1 миллион 80 мың 945 теңге айыппұл салынды.

«Былтыр 100 мың контрафактілік өнім тәркіленген болатын. Тексеру шараларын жоспарлы кесте және тұрғындардың шағымдары бойынша жүргіземіз. Бейне және аудио өнімдерін өндірушілердің ішінде «Меломаннан» басқалары контракфактілік өнімдерді анықтауда аса белсенді емес. Жалпы тәркіленген өнімдер арасында отандық өндірушілердің заңсыз көшірілген аудио және бейне таспаларының үлесі аз», дейді Әділет департаментінің интеллектуалдық меншік құқығын қорғау бөлімінің бас маманы Асқар Тәукебаев.