Шаһар басшысының сөзінше, ауданда ескі және тозған желілердің салдарынан электр көздері істен шығып, жиі авариялар орын алады, әсіресе Байтұрсынов – Абай – Төле би – Розыбакиев көшелерінің бойында. Биыл электр желілерінде 240-тан астам апат болды.
«Электр энергиясымен жабдықтаудың сенімділігін арттыру үшін 2022-2023 жылдары қаланың электр желілерін жаңарту көзделген.Осы жоба аясында аудан бойынша екі жыл ішінде резервтік қуатты 10кВт-қа дейін ұлғайтып, 156 км ескірген кабельдерді ауыстыру, сондай-ақ 13 тарату және 195 трансформаторлық подстанцияны қайта жаңартуды қарастырып отырмыз»,- деді ол.
Қазірдің өзінде 55 шақырым кабель желілері ауыстырылды, 8 тарату және трансформаторлық станция жаңартылды.
«Жыл соңына дейін тағы 26 км желіні ауыстырып, 2 тарату және 8 трансформаторлық подстанцияны қайта жаңғыртамыз. Нәтижесінде, 2022 жылдың соңында аудандағы тозған электр желілерінің үлесі 70-тен 56%-ке дейін азаяды. Жоба аяқталғаннан кейін келесі жылы тағы 75 км желіні жаңарту, 3 тарату және 145 трансформаторлық подстанцияны қайта жаңарту есебінен тозған желілердің үлесі 44%-ке дейін төмендейді»,- дейді Ерболат Досаев.
Айтуынша, осы шаралардың барлығы Алмалы ауданындағы электр желілерінің жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
«10 қыркүйекке дейін екі учаскеде 415 метр жылу желілерін қайта жаңартуды аяқтаймыз, оның ішінде: Досмұхамедов көшесінің бойымен Құрманғазыдан Абайға дейін ұзындығы 225 метр және Бөгенбай батыр – Радостовец қиылысындағы аулада – 190 метр»,- деп қосты қала басшысы.