Алматыда жас өнерпаздардың республикалық байқауы өтуде

АЛМАТЫ. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда наурыздың 24-інде А. Жұбанов атындағы арнайы музыка мектебі мен Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған арнайы орта музыка мектеп-интернатының базасында музыка мектептері, өнер мектептері мен арнайы музыка мектептері халық музыкасы бөлімдері оқушыларының 43-ші республикалық фестиваль-байқауы басталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Байқауға қазақ және орыс халықтарының қобыз, қылқобыз, сазсырнай, домбыра, баян-аккордеон, домра, балалайка, гитара секілді ұлттық аспаптарында ойнайтын өнерпаздар қатысуда. Бұл сында Қазақстанның барлық аймақтарынан келген 500-ден астам дарынды балалар өнерлерін ортаға салуда. Олардың 209-ы жеке орындаушылар болса, сондай-ақ 15 өнер ұжымы бар. Байқау барысын ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, қалалық білім басқармасының өкілдері, белгілі музыканттар мен өнер адамдары, дирижерлер мен педагогтар бағалайды. Жас өнерпаздар үшін шеберлік сыныптары өтетін болады.Жеңімпаздар 29 наурызда өнер сайысының жабылу салтанатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің дипломдарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталады. Айта кетелік, бұл байқау республикалық Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің базасында 1966 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.