Алматыда жас суретшілердің жаңажылдық көрмесі ашылады

АЛМАТЫ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда желтоқсанның 22-і күні Қазақстан Суретшілер одағы галереясында жаңажылдық "Vielleicht" деп аталатын көрме ашылады.

Қазақстан Суретшілер одағы галереясы мен "Ұлар" арт-агенттігінің ұйымдастыруымен өтетін көрмеге жас суретшілер - Дана Ағалеуова мен Василий Дергачевтің кескіндеме, графика, фотосурет, қуыршақ ісі техникаларымен дайындалған туындылары, сондай-ақ, Жаңа жыл мерекесіне арнайы дайындалған арт-сыйлықтар қойылады. Келушілер қазақстандық жас суретшілердің өнер туындыларын тамашалап қана қоймай, сыйлықтарды сатып ала алады. Өнерсүйер қауым назарына сондай-ақ, жас музыкалық топтардың концерті ұсынылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, "Vielleicht" көрмесі - бұл барлық қазақстандық өнерсүйер қауымының құттықтауы болып табылады.

Көрмеге кіру тегін.