Алматыда жас тілшілердің республикалық форумы өтуде

АЛМАТЫ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат – Бүгін Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде басталған жас тілшілердің республикалық форумына еліміздің барлық облысынан 150-ден астам мектеп оқушылары қатысуда,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Форумның басты мақсаты ? болашақ абитуриенттерді еліміздегі ең байырғы факультетпен таныстыру, жастар назарын қоғам үшін қызықты да маңызды кәсіпке тарту. Журналистика факультеті ашылған жылдар ішінде 16 мыңнан астам жоғары білікті мамандар түлепті, олар бүгінде Қазақстанды айтпағанда алыс және жақын шет елдердің БАҚ-ында жемісті еңбек етіп жатыр.Жыл басында ҚазҰУ «Ұлан» және «Дружные ребята» республикалық балалар газеттерімен бірлесе отырып, «Журналист болғың келе ме?» атты мектеп шығармасына байқау жариялаған еді. Оның мақсаты, өз өмірін журналистика мен баспа қызметіне арнауды арман еткен жас дарындарды анықтау болатын. Балалардың үздік шығармалары «Ұлан» және «Дружные ребята» газетінің беттеріне басылды. Форум ауқымында байқау жеңімпаздары марапатталмақ. ҚазҰУ ректоры, академик Бақытжан Жұмағұлов, газет редакторлары Еңсей Жеңісұлы және Әлімжан Ақбаров 30 жүлдегерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар, мектеп ұстаздары мен жас тілшілер ұйымының жетекшілеріне ынталандыру марапаттарын береді. Форумға қатысушылар мамандыққа және факультетке оқуға түсуге қатысты сұрақтарына тиісті жауаптар алады, сондай-ақ жас қонақтар үшін журналистика факультетінің студенттері мен оқытушылары ұйымдастырған интерактивтік репортаждарға қатысады. Отандық БАҚ-тың көрнекті өкілдері ақпараттық кеңістіктің даму кезеңі туралы әңгімелейді және жас тілшілер форумының белсенді қатысушыларын марапаттайды. Халықаралық ұйымдар өкілдері де ҚазҰУ-де журналистика білімін беру жайлы өз лебіздерін білдіреді. Жас тілшілер форумын ұйымдастыруға «Мега» ТРО, Қазақстан жастар медиаодағы және халықаралық ұйым өкілдері де қолдау көрсетті.Өткен жылы факультеттің үздік абитуриенттері оқуға түсу үшін ҚазҰУ ректорының 10 атаулы грантын алды. Жас дарындарға мұндай қолдау аса қажет, деп санайды Б.Жұмағұлов.