Алматыда жасөспірімдер арасында шағын футболдан жарыс өтуде

АЛМАТЫ. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы «Целинный» гүлзарында «Спорт нашақорлыққа қарсы» деген атпен жасөспірімдер арасында шағын футболдан жарыс өтіп жатыр.

Спорт бәсекесін Алмалы ауданы әкімдігі ұйымдастырып отыр. Оған «Appel Sun» ақпарат агенттігі мен №2 «Caspian Beverage Holding» сыра зауыты қолдау көрсетті. Шараның негізгі мақсаты - жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, балаларды спортпен айналысуға ынталандыру. Жарысқа Алмалы ауданының аула балаларынан құралған 6 команда қатысуда.

«Бұл бәсеке нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы бағдарлама аясында ұйымдастырылып отыр. Елбасымыз айтқандай, халықтың 30 пайызының спортпен тұрақты шұғылдануына ықпал жасауымыз керек. Сол себепті де осындай шараларды өткізу бүгінгі күні үлкен маңызға ие болуда», дейді Алмалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Ләззат Мәмедова.

Оның айтуынша, бұған дейін мұндай сайыс өткен жұмада «Ганди» гүлзарында өткізілген. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, мұндай шаралар енді жаз бойы әр жұма сайын өткізіліп тұрады деп жоспарлануда.