Алматыда жасөспірімдер арасында шайбалы хоккейден жарыс өтіп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Халық Арена» мұз сарайында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған жасөспірімдер арасындағы шайбалы хоккейден жарыстың үшінші күні өтті.

Кеше мұз сарайда «Барыс 1999» - «Астана 2000», «Торпедо» - «Ертiс» және «Юность» - «Барыс2001» командалары тағы да бақ сынасты.

Жарыс күнінің қорытындысы бойынша «Барыс 1999» командасының мерейі үстем болып, 7:1 есебімен «Астана 2000» хоккей клубын жеңді. Ал «Ертіс» командасы «Торпедо» хоккейшілерінен 5:4 есебімен басым түскен болса, «Барыс 2001» ойыншылары «Юность» командасынан 0:2 есебімен жеңіліс тапты.

Бүгін «Юность» командасы «Торпедо» клубымен, «Ертіс» хоккейшілері «Астана 2000» командасымен, ал «Барыс 2001» хоккей клубы «Барыс 1999» командасымен сайысқа түсті.

Естеріңізге салып өтелік, жарыс 2017 жылы Алматы қаласында өткізілетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада қарсаңында тестілік сайыстар ретінде ұйымдастырылып отыр.

18 желтоқсанға дейін жалғасатын бұл сайыстарға Қазақстанның түрлі аймақтарынан 6 жасөспірімдер командасы, атап айтқанда, «Торпедо Өскемен 99-00», «Ертiс 1999-2000», «Астана-2000», «Unist (Қарағанды)», «Барыс 1999» және «Барыс 2001» командалары қатысуда.

Жарыс өткізіліп отырған «Халық Арена» мұз сарайы - 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданың спорт нысандарының бірі. Мұз сарайы 300 көрерменді сыйдыра алатын көпатқарымдық әмбебап мұз алаңынан және 300 орынға шақталған шағын алаңнан тұрады. Универсиада кезінде осы мұз сарайында ерлер арасындағы шайбалы хоккейден жарыстар өткізілмек.