«Таяу күні Алматы қ. ІІД Жергілікті полиция қызметінің Ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері Алмалы ауданында орналасқан №58-ші жалпы білім беретін мектепте ата-аналар жиналысын өткізді. Оған педагогтар да қатысты. Кездесу барысында ата-аналар Жергілікті полиция қызметінің негізгі міндеттері және жасөспірімдер арасындағы қылмыстық ахуалмен танысты. 2015 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда қолданылған шаралардың арқасында жасөспірімдер қылмысы 18 пайызға азайды.
Жиналыста ата-аналардың сұрақтарына жауап берілді. Сондай-ақ, ата-аналарға әкімшілік және қылмыстық заңнамалардың нормалары, бала оқыту мен тәрбиелеудегі жауапкершіліктері түсіндірілді. Бұл жерде айта кететін жәйт, балаларды көзден таса қылуға болмайды. Олардың оқуына, тәрбиесіне көп көңіл бөлу қажет. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер оқудан бос уақыттарында босқа сенделіп жүрмеулері керек. Егер олар өздеріне ұнайтын іспен айналысса, қандай да бір кәсіпті меңгеруге ұмтылса, құқық бұзушылық әрекеттерге бармасы анық. Сондықтан, біз тұрақты түрде ата-аналар мен жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Қазір біз жергілікті мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және ІІБ мүдделі қызметтерімен бірге жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық әрекеттердің алдын алуға бағытталған түрлі шараларды жүзеге асырып жатырмыз», - деді Алматы қ. ІІД Жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Лейла Әліпбаева.