Алматыда жасөспірімдердің шылым шегуіне қарсы акция өтеді

АЛМАТЫ. 8 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыда 12 қараша күні «Арбат» алаңында «Қарлығаш - аналар кәмелетке толмағандардың шылым шегуіне қарсы» атты акция өтеді.

Шара Алматы қаласы Алмалы әкімі аппаратының қолдауымен балалар мен жасөспірімдерді шылым шегуден алшақтату аясында өткелі отыр. Жобаның мақсаты сауда орындары өкілдеріне 18 жасқа толмағандарға темекі өнімдерін сатуға және ол жастағылардың сатуына тыйым салынғаны жөнінде оларды еріктілер көмегімен ақпараттандыруға бағытталған. Сол арқылы жасөспірімдерді темекі өнімдерінен алшақтатуды көздейді.

Шара барысында өзекті мәселелердің бірі темекінің балаларға қолжетімділігіне қатысты сатушыларға түсініктемелер жүргізеді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар инспекторлары мен БАҚ өкілдері арқылы арнайы рейдтер жүргізетін болады.

Сонымен қатар, акция бағдарламасында «Қарлығаш» қозғалысының қызметкерлері мен еріктілері жобаның жұмыстары жөнінде түсініктемелер беріп, ынта білдірушілерді өз қатарларына тіркеу және басқа да шаралар қарастырылған.