Алматыда жасөспірімдердің VI спартакиадасы басталды

АЛМАТЫ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы «Динамо» стадионында «Жастар мен жасөспірімдер есірткіге қарсы» деген ұранмен жасөспірімдердің VI спартакиадасы өз жалауын көтерді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны қалалық жастар саясаты басқармасы мен Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры «Аула клубтары» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп ұйымдастырды. Халықаралық есірткі мен есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне орайластырылған бұл шараның мақсаты - жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, спорттың ұлттық және бұқаралық түрлерін насихаттау.

«Елбасы салауатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілік қағидаты - денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс деген еді. Бүгінгі шара өскелең ұрпақ үшін салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталып отыр», дейді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының бастығы Бақтияр Мәкен. Оның айтуынша, жыл сайын өтетін дәстүрлі бұл спартакиада биыл маусымның 26-сына дейін созылмақ.