Алматыда жастар арасында инсультке шалдығу артқан

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жыл сайын 29 қазанда әлем бойынша Дүниежүзілік инсультпен күрес күні (World Stroke Day) аталып өтеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл күнді 2006 жылы осы ауруға қарсы күрес бойынша жедел белсенді іс-қимылдарға шақыру мақсатында бекіткен еді. Атаулы күнге орай, Алматы қалалық №7 клиникалық аурухананың №1 инсульт бөлімшесінің инсультолог дәрігері Ғалымжан Кәрімовпен сұхбаттасқан едік.

- Ғалымжан Кәрімұлы, бүгінде Алматыда инсультке шалдығуға қатысты статистика қандай?

- Статистика бойынша Алматы қаласында инсульт алғандардың саны көбеймеген. Алайда, қазіргі таңдағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты инсульттен болатын өлім-жітім артқан. Сондай-ақ қазір жастардың арасында инсульт алушылардың көп екені анықталуда.

- Инсульттың қандай түрлері бар?

- Инсульттің ишемиялық, геморрагиялык және аралас түрі бар. Ең жиі кездесетін түрі ишемиялық инсульт – 80 % құрайды, ал геморрагиялық түрі – 20%.

- Жалпы, инсульттің бастапқы белгілері қандай болады?

- Инсульттiң бастапқы негiзгi белгiлерi: қол, аяқ бұлшықеттердің жансыздануы, сөйлеу қабілетінің нашарлауы, бас ауруы, жүрiстiң бұзылуы, есін жоғалту. Бұл белгiлердi байқаған адам дереу дәрiгерге жүгінуі қажет.

Шұғыл медициналық көмек маңызды болғандықтан, қысқа уақытта диагноз дұрыс қойылған жағдайда, инсультке қарсы кейбiр дәрiлер көмектеседі.

- Инсультты алдын алу бойынша қандай да бір нұсқама бар ма?

- Тұрақты түрде қан қысымын тексерiңiз. Егер қан қысымы көтерiлсе, терапевт-дәрiгерге жүгіну қажет. Себебі, ол тексеріс өткізіп, тиiстi емдеуді тандайды. Ас тұзын қолдануды күніне 5 грамға дейiн шектеу. Шылым тартудан бас тарту және алкогольдік сусындарды қолдануды шектеу.

Егер сiзде қант диабеті болса, жүрек, холестерин деңгейінің көтерілуі, жүрек ырғағының бұзылуы болса, оларды емдеу үшін тиісті дәрi-дәрмектерді қабылдауыңыз қажет. Дене жаттығуларын үнемi орындаңыз. Ем-дом жүргізу сiздiң күнделiктi өмiрiңiздi маңызды бөлшегі болу қажет.

Сондай-ақ қазіргі таңда қаладағы әрбір инсульттік орталық қажетті заманауи құрылғылармен жабдықталған деп айта аламын.

- Сұхбатыңызға рахмет.