Алматыда «Жастар ғылымда - 2010» ІІІ Халықаралық форумы өтіп жатыр

/strong>Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Бүгін Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті қорының ұйымдастыруымен «Жастар ғылымда - 2010» ІІІ Халықаралық форумы өз жұмысын бастады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш Қордың директоры міндетін атқарушы Бектас Мұхамеджановтың айтуынша, форум аясында бірнеше шаралар дайындалған. «Жас ғалымдардың жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылып, оған 26 жоғары оқу орындарынан әртүрлі саладағы 62 ғылыми жұмыс келіп түсті, соның ішінде көптеген жұмыстар ауыл шаруашылығы саласын қамтиды. Қазіргі уақытта Екібастұз энергостансысында көмірден энергия алу тиімділігін көтеретін жаңадан жасалған жылыту бөлшегі сияқты жас ғалымдардың 3-4 ғылыми жұмысы өндіріске енгізіліп отыр. Бүгінгі көрмені қорытындылау кезінде лайықты деген 2-3 жұмысқа 1 миллион теңгедей грант бөліп, оның өндіріске енуіне көмектесеміз деп ойлаймын», дейді Б.Мұхамеджанов.

Форум аясында Нұрлан Темірбеков, Роза Қонаева, Төрегелді Шарманов сынды белгілі ғалымдардың дәрістері тыңдалып, жас ғалымдардың ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Сондай-ақ жас ғалымдарға еңбектерін өндіріске қалай енгізіп, қаржы табу мүмкіндігі бар екендігін нұсқайтын және шетелдік ғалымдармен байланыс жасаудың жолдарын көрсететін шеберлік сыныптар өткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, студенттердің ғылыми жұмыстарына конкурс ұйымдастырылған, оның нәтижесінде еліміздің ЖОО-ның 16 студенті ғылыми жетістігі үшін марапатталды.