Алматыда жастар шығармашылығы фестивалінің гала-концерті өтті

АЛМАТЫ. 3 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Жас жұлдыз» атты Алматы қалалық жастар шығармашылығы фестивалінің гала-концерті болып өтті.

Оны Алматы қаласы жастар саясатын дамыту басқармасының қолдауымен Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры және «Жастар шығармашылық бастамаларын қолдау орталығы» қоғамдық қоры бірлесе ұйымдастырды.

«Бұдан бұрын іріктеу кезеңі Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да өткен еді. Одан 20 үміткер іріктеліп, бүгінгі сайысқа қатысып отыр. Бұл байқауда біз әннің барлық түрін қамтуға тырыстық, яғни, мұнда эстрада, заманауи әндер, дәстүрлі әндер де айтылады. Жарыс жеңімпаздары республикалық жарыстарға қатысатын болады», - деді Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының бастығы Бақтияр Мәкен.

Байқауға әнші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов төрағалық етті. Сайыста 5 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Қорытындысында эстрададан ҚазҰТУ студенті Расул Жармағамбетов, дәстүрлі әннен Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория студенті Есбол Шымбаев, халық биінен ҚызПУ-нің «Томирис» би тобы, заманауи биден Сүлеймен Демирел атындағы Қазақ-түрік университетінің «ММ Dans» би тобы және күйшілер сайысынан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің студенті Әйгерім Бұршақбаева топ жарды.

Ұйымдастырушылар бұл сайыстың дәстүрлі түрде жалғаса беретіндігін мәлім етті.