Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімдігінің және қорғаныс істері бойынша аудандық басқармасының ұйымдастыруымен алғашқы күзгі әскерге шақырылғандарды әскери қызметке шығарып салу салтанатты шарасы болып өтті.
Әскерге шығарып салуға жастардың ата-аналары, Ұлы Отан соғысы мен Қарулы Күштер ардагерлері, Қарулы күштер генералдары, ауған жауынгерлері және аудандағы жоғары әрі арнайы орта оқу орындарының студенттері мен оқушылары келді. Болашақ Отан қорғаушылар үшін Қазақстан Қарулы Күштерінің қызметі туралы бейнефильм көрсетіліп, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оркестрі өз өнерін көрсетті. Бұнымен қатар, барша қауым назарына ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің және ауданның талантты шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Шара барысында Әуезов ауданының әкімі Бекқали Торғаев, Алматы қаласы қорғаныс істер бойынша басқармасының бастығы мен ата-аналар жылы лебіздерін білдіріп, жастарға сәт-сапар тіледі.
Бұл шара жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу мақсатында жыл сайын күзде, әрі көктемде өткізіледі. Қарулы Күштерде қызмет ету әр азаматтың құрметті борышы және міндеті болып табылады.