Аталмыш шараның ұйымдастырушылары -ЖҚТБ-мен күрес және алдын алу республикалық және қалалық орталығы, PSI корпорациясының коммерциялық емес орталықазиялық филиалы, «Қамқор» дағдарыс орталығы жанындағы «Youth Power» жастар орталығы.
«Акцияның мақсаты -жастар мен жасөспірімдерді өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақыру, қоғам назарын АҚТҚ мәселесіне аударту, жас буынды осы дерттен тексеру мен жасырын кеңес алуға деген мүмкіншіліктерін арттыру, сонымен қатар, тексерілу түрлерінің жаңа тәсілдерімен ақпараттандыру болып табылады»,-дейді шараның ұйымдастырушылары.
Акцияға «Жастар үйi» әлеуметтік мекемелерінің 70-тен аса түлектері мен қала жастары қатысты.
Шара барысында оларға осы инфекция және оның алдын алу, қорғану бойынша ақпараттар берілді, арнайы дайындалған парақшалар таратылды және жастарға «жедел байланыс» телефондары таныстырылды. Акция кезінде ЖҚТБ-мен күрес қалалық орталығынан арнайы әкелінген жылжымалы тексеру зертханасы жұмыс істеді. Онда қала жастары жасырын тестілеуден өтуге мүмкіндік алды. Бұл шаралармен қатар, қатысушыларға арнайы байқаулар мен жарыстар ұйымдастырылды. Оның жеңімпаздарына сыйлықтар табысталды.
Акция концерттік бағдарламамен жалғасты.
ЖҚТБ-мен күрес және алдын алу республикалық орталығының мәліметінше, 1 мамыр күні еліміз бойынша осы дертке шалдыққан 16 412 адам тіркелген. Эпидемия басталғалы бері 1019 адам бұл індеттен көз жұмған, оның ішінде 6 бала бар.