Алматыда жастардың патриоттық акциясы өтіп жатыр

None
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Жаса, менің Қазақстаным, Біз сенің патриотыңбыз!» атты жастардың патриоттық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараны ҚазҰАУ-нің белсенді студенттері мен жастар әкімшілігі ұйымдастырып отыр. Оған университет студенттерімен бірге «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» жастар қанаты өкілдері, «Достық» Қазақстан халқы ассамблеясы және «Жасыл ел» студенттері мен СҚЖ қатысуда. Акцияның мақсаты студент жастардың бойындағы Отаншылдық патриотизмін дамыту мен халықтар достығын нығайтуға бағытталған.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген университет ректоры Тілектес Есболов қатысушыларды құттықтап, мұндай акциялардың маңыздылығын атап өтті.

«Осындай іс-шаралар өткізу арқылы біз студенттеріміздің бойындағы патриоттық сезімдерін оятып, еліміздің жарқын болашағына қызмет ететін жас толқынды тәрбиелеуді көздейміз. Бүгінгі акцияда жастар тек ұлттық әндер орындап, қазақтың қара жорға биін билейді», дейді университеттің жастар саясаты департаментінің директоры Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар, шара барысында университеттің «Гүлбану» ансамблі мен хоры өз өнерлерін көрсетеді. Ал университеттің белсенді студенттері жастар патриотизмінің қоғам дамуындағы үлесі мен жастардың болашақ алдындағы жауапкершіліктері туралы баяндамалар жасайды.