Алматыда жастардың VII Халықаралық мұнайгаз форумы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы Қазақтың Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетінде жастардың VII Халықаралық мұнайгаз форумы өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны оқу орнының қолдауымен Халықаралық инженер-мұнайшылар қоғамының (SPE) студенттік бөлімі ұйымдастырып отыр. Ол мұнай-газ индустриясына үлес қосу үшін, жаңалық енгізуге, тәжірибе алмасуға және ықыластық ахуал қалыптастыру үшін қолайлы жағдай туғызуды көздейді.

Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін бұл шараға биыл ТМД елдері мен алыс-жақын басқа да шет мемлекеттерден 300-дей делегат қатысуда. Былтыр олардың саны 200 болған. Екі күнге созылатын форум аясында мұнайгаз компаниялардың таныстырылымдары ұйымдастырылып, студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция болады. Конференция жұмысы - «Геология. Барлау. Өндіру», «Игеру. Пайдалану», «Мұнай өнімдерін өңдеу. Мұнай және газды сақтау және тасымалдау» бағыттары бойынша өтпек.