Алматыда жастарға әлеуметтік қызмет көрсету туралы халықаралық конференция өтуде

АЛМАТЫ. 5 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Қазақстандағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балалар мен жастарға әлеуметтік қызмет көрсетуде коммерциялық емес ұйымдардың кәсіпқойлығы мен тұрақтылығын арттыру» деген тақырыпта халықаралық конференция өтуде.

Бұл «БОТА» қоғамдық қорының  Қазақстандағы балалар мен жастарға қызмет көрсетуде үздік үлгілер мен тәжірибелерді ілгерілету үшін жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шарасы. Екі күндік конференция жұмысына коммерциялық емес ұйымдар, БҰҰ-ның  балалар қоры (ЮНИСЕФ) және  PRI, Internews, AFEW, IWPR сияқты халықаралық ұйымдардың  қазақстандық өкілдіктері қатысуда. Құрметті мемандар арасында  АҚШ-тағы  IREX және Save the Children, Ресейдегі балаларды қатыгез қарым-қатынастан қорғау ұлттық қоры мен Тольятти қайырымдылық қоры, Белорустағы ЮНЕСКО клубтарының қауымдастығы, Украинадағы «Доброта» қайырымдылық қорының сарапшылары  мен мемлекеттік органдардың уәкілдері де шақырылған. Онда олар  мектепке дейінгі білім мен тәрбие, ана мен баланың денсаулығы, балалықты қорғау,  жастардың әлеуетін дамыту мәселелерін талқылауда. Конференция аясында сонымен қатар, коммерциялық емес ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылының маңызды мәселелері бойынша сұхбат алаңдары және   әлеуметтік қызметтерді көрсетудегі үздік тәжірибелер, механизмдер мен құралдар бойынша шеберлік дәрістері ұйымдастырылмақ.