Алматыда «жасылелдіктер» ардагерлердің ерлігін ардақтау мақсатында ескерткіштерді тазалау сенбілігіне шықты

АЛМАТЫ. Мамырдың 3-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай, «жасылелдіктер» ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Алматы қалалық жастар саясаты жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен ескерткіштерді тазалау сенбілігіне шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенбілікке «Жасыл ел» жасақтары құрамындағы студенттер, жастар ұйымдарының белсенді мүшелері қатысты. Олар 28 панфиловшылар саябағындағы ескерткіштерді тазалап, ардагерлермен кездесу өткізді.

«Бүгінгі шара бір мезетте төрт қалада - Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында республикалық деңгейде өтіп жатыр. Саябақ ішін, ескерткіштерді тазалау сәуірдің 10-нан басталған болатын. Біз әр сенбі сайын сенбілікке шығып, осындай шаралар арқылы ардагерлерімізге деген өз құрметімізді көрсеткіміз келеді. Біз үшін тарихымызды білу міндет. Соғыс туралы ардагерлеріміздің өздерінен есту біз үшін қызықты. Сондықтан бүгінгі шара алдында ардагерлермен кездесу өткізіп, сұхбат жасап, сый-құрметімізді көрсеттік», деді Алматы қаласының «Жасыл ел» жастар жасағының жетекшісі Сәулет Әлімбетов.