«Алматы қаласының құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің хабарлауынша, қазір «Шаңырақ-2» және «Өжет» ықшам аудандары, сондай-ақ, Летняя, Темекі зауыты, Ангарская және басқа да бірқатар көшелерде жиналып қалған көлшік суларды сусорғышпен тартып, арықтар мен өзендерге құю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан басқа, жауын-шашын салдарынан су басуы мүмкін тұрғын үйлер мен қоралар құм салынған қаптармен нығайтылуда.
Сондай-ақ, құтқарушылар Есентай өзеніне құлап, су арнасын бекітіп тастаған ағашты кесіп алып тастады.
Қазіргі сәтте «109» пультіне тұрғындар тарапынан жауын-шашын салдарынан тұрғын үйлерге, автокөліктерге, жолдарға құлаған ағаштар жайында хабарлар түсіп жатыр. Сондықтан, қалада құтқару операцияларына «109» қызметінің жеке құрамынан 50-ден астам қызметкері жұмылдырылған. Сондай-ақ, бұл жұмыстарға 27 техника қолданылып жатыр. Олардың ішінде ауыр инженерлік техника да бар.