Алматыда жауын-шашынның салдарынан Медеу ауданы тұрғындары сусыз отыр

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда болған жауын-шашынның салдарынан сумен қамту тораптарында судың лайлану деңгейі артып, қаланың Медеу ауданының оңтүстік бөлігіне су беру уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны хабарлағандай, мына мекенжайға су беру тоқтатылды:

Юбилейный шағынауданы, Тау Самал шағынауданы (Каменск үстірті), «ВИП Алем» коттедж қалашығы, «Европолис» тұрғын-үй кешені, Керей Жәнібек хандар көшесі, Оңдасынов көшесі, Ладушкин көшесі, Оспанов көшесі, Қыз Жібек көшесі, Жәнібеков көшесі, Найманбаев көшесі, Достық даңғылы, Чайкин көшесі.

«Көктөбе» шағынауданы, «Самал 1-3» шағынауданы, «Таулы қырат» шағынауданындағы Қажымұқан, Байжанов, Луганский, Достық даңғылы, Нұрмағамбетов, Сахариев көшелерінде желідегі судың қысымы төмендеді.

«Тау өзендеріндегі судың лайы тазарғанына қарай сумен қамту қызметі қалпына келеді. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», - делінеді «Алматы Су» МКК хабарламасында.

Еске салсақ, кеше Алматыда нөсер жауын мен дауылдың салдарынан ағаштар құлап, қаланың орталық бөлігінде жарық сөнген болатын.