Алматыда жаяу жүргіншіні автобус қағып, мерт қылды
10:24, 09 Желтоқсан 2021
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 60 жастағы әйелді автобус қағып кетті. Жапа шегуші оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты бүгін таңғы сағат 06:10 шамасында Б. Момышұлы көшесінің бойында болған.
«Saz HC 40» маркалы автобус жүргізуші Б.Момышұлы көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, № 65-үйге қарама-қарсы тұста жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан 1961 жылы туған әйелді қағып кетті. М. есімді әйел алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды»,- деп хабарлады полициядан.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Сараптама тағайындалды.