Алматыда жазда ашылуы тиіс болған жаңа емхананың құрылысы әлі аяқталған жоқ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі ерболат Досаев Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде биыл маусым айында ашылуы тиіс болған жаңа емхананың құрылыс жұмыстары негі аяқталмай жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қала әкімімен болған кездесуде аудан тұрғыны: «Сіз өткен кездесуде жаңа емхана маусым айынша ашылады дегенсіз. Енді оны қараша айына шегеріпсіздер. Оның себебін айта аласыз ба», - деді тұрғын.

Алматы әкімі Ерболат Досаев оның себебі мердігер ақаулы акт бойынша барлық ескертуді жоймағанын айтты.

«Біз салған емхананы өзіміз қабылдауымыз керек, бірақ әзірге қабылдай алмаймыз, себебі, мердігердің әлі бітіруі тиіс жұмыстар бар. Ол тапсырыс беруші ретінде біздің қабылдауымыз тиіс монтаждау, жабдықты жеткізу жұмыстары. Емхананы құрал-жабдықтарсыз іске қосуға болмайды. Жалпы айтқанда, жұмыстар 95%-ға аяқталды», - деді Ерболат Досаев.

Ол сондай-ақ мердігерге қарамастан, құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін қажетті ресурстар табылып, жұмылдырылғанын атап өтті.

«Егер мен құрылыс жұмыстарын тоқтатар болсам, онда мемлекеттік сатып алу ережесі бойынша жаңа конкурстық рәсім жарияланып, емхананың ашылуы кеелсі жылға қалар еді. Мен сіздерден сәл шыдай тұруды сұраймын, біз қаладағы ең заманауи емхананы ашатын боламыз. Осылайша «Кемел» шағын ауданы мен оған жақын маңдағы тұрғындар үшін медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты барлық мәселені шешеміз», - деді Алматы әкімі.