Алматыда жазушы Әди Шәріповтің 100 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтеді

АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - 10 қыркүйекте Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ҚР қоғам қайраткері, танымал жазушы Әди Шәріповтің 100 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтеді,

 деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен.

Концертте ҚР Халық әртістері Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжан, КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ҚР еңбек сіңірген әртістері Айгүл Үлкенбаева, Айдос Бектеміров, халықаралық конкурстардың лауреаттары Жәнел Түкеева, Азамат Асқаров, Болат Бүкенов, республикалық конкурстардың лауреаттары Нұржан Бажекенов, Еркін Шүкіманов, сонымен қатар «Гүлдер» би ансамблі, Құрманғазы атындағы Қазақ мелекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, Абая атындағы МАОБТ симфониялық оркестрі және А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектебінің скрипкашылар ансамблі өнер көрсетеді.

Әди Шәріпов 1912 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында дүниеге келген. Жазушы, филология ғылымының докторы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі. Ленин, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар» атты шығармалардың, «Сахара қызы», «Дос сыры» романдарының авторы. «Орман хикаясы» атты киносценарийі бойынша түсірілген көркемсуретті фильм Ташкент қаласында өткен Азия мен Африка елдерінің кинофестивалі мен Алматыда өткен Кеңестер одағының кинофестивалінде КСРО Қорғаныс министрінің арнаулы жүлдесіне ие болды.