Алматыда жазушы Сәбит Досановтың 70 жылдығына арналған кеш өтеді

АЛМАТЫ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Абай атындағы опера және балет театрында ақпан айының 1-і күні ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Ресей Педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, профессор, белгілі қазақ жазушысы Сәбит Досановтың 70 жылдық мерейтойына арналған кеш өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараны ұйымдастырушылар - Алматы әкімдігі мен Жазушылар одағы. Сәбит Досанов - көптеген әңгімелер мен повестердің, романдар мен пьесалардың авторы. Оның әр шығармасы қоғамдық пікір тудырады.

Жазушының алғашқы өлеңдері мен әңгімелері мектеп қабырғасында жүргенен-ақ аудандық, облыстық және республикалық газет-жұрналдарда жарық көре бастаған. Оның «Шабындықта» деп аталатын шығармасы 2 сынып оқушыларына арналған «Ана тілі» оқулығына енген. Жазушының 27 жасында жазған «Ақ аруана» повесі оған танымалдық әкелген болатын. Бүгінде бұл шығарма әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Көрнекті грузин жазушысы, аудармашы Мурман Джугурия: «Ақ аруананы» қазақ мектептерінде оқытатын шығар. Ол туындыны барлық жерде оқыту керек, оның маңызы зор. «Аруана» әр түрлі діни сенімдегі және барлық халықтардың басын қосатын классикалық шығарма», деп жазған.