Алматыда жазушы Сәуле Досжанованың «Өгей жүрек» атты кітабының тұсаукесері өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жазушы, журналист Сәуле Досжанованың «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Өгей жүрек» атты кітабының танысытырылымы өтті.

Салтанатты шарада жаңа кітаптың тұсауын филоло­гия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Хаса­нов пен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Экономи­ка және бизнес жоғары мектебі факультетінің деканы, эконо­мика ғылымдарының кандида­ты Баян Ермекбаева кесті.

Таныстырылым барысында ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамбле­ясы хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай: «Зиялы қауым өкілдері бүгінгі қоғамның рухани жағдайын көрсетіп тұратын термометр тәрізді. Сондықтан да Сәуле Мағазбекқызы сынды қаламы қарымды жазушылар­мен кездесіп, ой бөлісу, әсіресе, жастар үшін берері мол сәт болмақ. Сәуле Досжанованың шығармашылығы тұнып тұрған қазақ әйелінің философиясы дер едім. Ал қазақ әйелінің қоғамда алар орны айрықша екенін өздеріңіз де білесіздер. Ана өз алдына бір мектеп. Ұлтты тәрбиелеуші негізгі тұлға да - ана. Ал, әке қашан да үлгі. Олай болса Сәуленің бүгінгі тұсауы кесілгелі отырған кітабы да өзге туындылары іспетті қыз балалардың болашақ ана ретінде қалыптасуына септігін тигізер аса құнды еңбек. Бірақ бұл сөзім кітаптың тек әйелдерге арналғандығын білдірмесе керек-ті. Отбасы шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің бірлігін сақтай отырып, дамыту жолында бұл кітаптың ер азаматтарға да берері мол. Осынау ру­хани тұрғыдан кемелденуге көмегін тигізетін құнды дүние қолдарына тиіп отырған бүгінгі жастар шынында да бақыттты, - деген жүрекжарды пікірін білдірді.

«Жаңа кітапты қолыма алып парақтағаннан-ақ, ондағы ерекшеліктер бірден көзге шалынды. Мәселенки, бұл туындыға енген хикаяттардың қай-қайсысы да диалогпен басталған. Осы сөзімізге дәлел ретінде кітаптың тақырыбына арқау болған «Өгей жүрек» хикаятының: «Осыдан аман қалсам... Осыдан аман қалсам... аман қалсам... аман қалсам...қалсам... қал...» деп басталғанын айтуға болады»,-деп бастады өз сөзін филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Хасанов.

«Мұның өзі Сәуле Мағазбекқызы шығармашылығының өзгеге ұқсамайтын бір қыры. Тәңірдің берген талантының арқасында тың туындыларды дүниеге әкеліп, оны қалың оқырманға ұсынып отырған Сәуле До­сжанова шығармаларының жалпы жұртқа ой салары анық. Оқырманға енді ғана жол тартқан жаңа туынды да кітап сүйер қауымның айны­мас серігі болады деп сенеміз».

«Өгей жүрек» атты бұл кітапқа жазушының «Әкемнің құпия аманаты», «Ақбұлақтың адасқағы», «Қызмет қамақтағы әйел», «Құлазу» атты хикаят­тары енген. Мұндағы әрбір туындының көтерер жүгі бар.

«Өгей жүрек» хикаяты Қазақстан медицинасының замана­уи жетістіктерін қалың оқырманға көркем де түсінікті тілмен жеткізеді. Елімізде тұңғыш рет жасалған жүрек алмастыру операциясының сәтті өтуі - ұлттық жетістік, әрі отандық медицинаның әлемдік деңгейге көтерілгендігінің айқын көрінісі. Хикаят Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының басшысы, кар­диохирург, Еңбек Ері Юрий Пяға арналған.

Кеш барысында Сәуле Мағазбекқызы Қазақ ұлттық университетінен 28 жыл бұрын түлеп ұшқанын, өзі білім алған қасиетті қарашаңыраққа келіп, тебіреніп отырғанын да жа­сырмады. Жүрекжарды жырларынан шашу шашып қана қойған жоқ, әуезді үнімен әдемі әнді әуелетіп, көпшіліктің көңілін бір серпілтті.

Жиынға филология ғылымдарының докторы, про­фессор Бақытжан Хасанов, ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамбле­ясы хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, белгілі көсемсөзші Қали Сәрсенбай, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА мүше корреспонденті Ақтолқын Құлсариева, «Алматы ақшамы» газетінің бөлім меңгерушісі Нұржамал Байсақалова, университет ұстаздары мен студент жастар қатысты.