Алматыда жеке инвестор «Алматыэлектротранс» ЖШС-ын сатып алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда жеке инвестор муниципалдық «Алматыэлектротранс» ЖШС акциясының 70 пайызын сатып алды. Ол кәсіпорынға алдағы жарты жылда қосымша 200 ресейлік жаңа автобусты сатып алатын болады. Бүгін Алматы әкімдігінде қаланың 2015 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму барысын қорытындылауға қатысты өткен жиын барысында қала әкімі Бауыржан Байбек осылай мәлімдеді.

«Бүгін жеке инвестор «Алматыэлектротранс» ЖШС-ының 70 пайыздық үлесін сатып алды. Біз бұған қуанамыз. Кәсіпкер кеше ресми хат жолдады. Алдағы жарты жылда бюджеттен емес, ол өзінің жеке қаржысына 200 жаңа ЛиАз автобусын сатып алатын болды. Бұл автобустар алдағы уақытта ескі автобустардың орнына қолданылады және қаладағы бағдарлар желісінің 12-15 пайызын қамтиды. Ал ескі автобустарды желіге шығаруға болмайды. Өйткені олар жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді», - деді қала әкімі.

Сонымен қатар, Бауыржан Байбек «ОҢАЙ» көлік картасы жүйесі жол ақысының толыққандай жиналуына септігін тигізетіндігін айтты.

«Бұл жүйе қоғамдық көліктерде жол ақысын төлеудің ашықтығын және сапалы болуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жолаушыларды тасымалдауға едендері шіріген, ескі автобустар емес, қазіргі талаптарға сай, заманауи автобустар қолданылуы тиіс. Біз сонда шығын көп бағдарларды бюджеттен қаражыландыра аламыз», - деді Б. Байбек.

Әкім сонымен қатар, қала тұрғындарының көпшілігі жол ақысын төлеуге қатысты жаңа жүйенің енгізілгеніне риза екендіктерін айтты.