Алматыда жекеменшік білім берудің өзекті мәселелері талқыланды

АЛМАТЫ. 25 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Жекеменшік білім ордаларында шетелдік тәжірибені пайдалану қажет.

Бұл туралы бүгін Алматыда басталған «Қазақстандағы мемлекеттік емес кәсіби білім: проблемалары және болашағы» атты VI конференция барысында айтылды.

Мәслихатта 2008-2012 жылдарға арналған техникалық және кәсіби білім беруді жетілдіру мемлекеттік бағдарламасы, Орталық Азия елдерінде техникалық және кәсіби білім берудің сапасын жетілдіру шарттары, Германия мен Қытай, Ресей және Қазақстанның кәсіби білім салаларының айырмашылықтары, өзара тәжірибе алмасу мәселелері сөз болды. Қатысушылардың пікірінше, Орталық Азия елдерінде кәсіби және техникалық білім беру саласында дамытатын тұстар әлі де көп. Мысалы, арнайы оқу құралдарының жоқтығы, кәсіби ұстаздардың аздығы, халықаралық талаптарды пайдаланбау мәселесі жекеменшік оқу орындарының аяғын тұсап тұр. Бұл ретте сарапшылар шетелдік оқу орындарымен өзара қарым-қатынасты дамыту қажеттігін айтады. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдерінің басқа мемлекеттерімен салыстырғанда Қазақстанда техникалық және кәсіби білім берудің сапасы анағұрлым жоғары. Бұған «2008-2012 жылдарға арналған техникалық және кәсіби білім беруді жетілдіру» мемлекеттік бағдарламасы оң әсер етіп отыр.

«Конференцияда сарапшылар Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне осы бағдарламамен қатар Германия, Ресей, Қытайдың бағдарламаларын пайдалана отырып, білім сапасын арттыруға болатындығы туралы ұсыныс жасады. Әрине, бұған қарап еліміздегі жекеменшік білім беруде еш проблема жоқ деуге болмайды. Отырыста бұл түйткілдер нақтыланып, жиынның қорытындысы бойынша ұсыныстар құзырлы органдардың назарына ұсынылады» - дейді шараны ұйымдастырушы жекеменшік білім беру ұйымдары қауымдастығының өкілі.