Алматыда жеңіл атлетикадан «Азия жұлдыздары» IV Халықаралық турнирі өтеді

None
АЛМАТЫ. 30 маусым. ҚазАқпарат - Алматыда 30 маусым мен 1 шілдеде жеңіл атлетикадан «Азия жұлдыздары» IV Халықаралық турнирі болады.

Ол Азия жеңіл атлетика қауымдастығы президенті Суреш Калмадидің  бастамасы бойынша Азия құрлығында жеңіл атлетиканы дамыту мақсатында алғаш рет 2004 Үндістанда ұйымдастырылған болатын. Одан кейін бұл дүбірлі дода 2008 және 2010 жылдары Үндістан мен Сингапурде өз жалғасын тапқан еді. Биыл ол  тұңғыш рет Қазақстанда өткелі отыр. Оған Вьетнам, Индонезия, Иран, Гонконг, Жапония, Қазақстан, Қырғызстан, Малайзия,  Өзбекстан,  Сирия, Тайланд, Үндістан, Филиппин, Шри-Ланка елдерінен командалар қатысқалы отыр.

«Бұл Лондонда өтетін ХХХ Жазғы Олимаиада ойындарының Азиядағы лицензиялық соңғы іріктеу турнирі болмақ. Онда спортшылар 4 жылда бір өтетін ең ірі спорт додасына қатысуға жол ашатын қажетті нормативтерін орындауға мүмкіндік алады. Бұл жарыста ерлер - 8, әйелдер - 7 спорт түрі бойынша өзара финалдық сайыстарын өткізеді», - дейді ҚР Жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Алексей Конрат. Оның айтуынша, «Азия жұлдыздарына» қатысатын әйгілі спортшылар арасында жарыс қожайындарынан Әлем чемпионы Ольга Рыпакова, Азия чемпионатының және Азия ойындарының чемпиондары  Роман Валиев, Евгений Экиов, Ирина Эктова, Евгений Мелешенко, Татьяна Азарова, Марина Аитова бар. Ал қонақтардан ирандық Марьям Тоози мен  Эхсан Мохаджер, үндістандық Лука Тинту мен Абрахам Джозеф, индонезиялық Иравати Дедех, филиппиндік Торрес Мористелла, вьетнамдық Троунг Тханг Ганг, тайландтық Ванида Боонван, сириялық Маджид Чазал,  жапондық Мами Ишино, шри-ланкалық Манжула Вижжесекара сияқты Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері келмек. Онда Азия жеңіл атлетика қауымдастығы қорынан:  бірінші орынға  - мың, екінші орынға - 500, үшінші орынға - 400, төртінші орынға - 300, бесініш орынға - 100  АҚШ доллары көлемінде жүлде тағайындалып отыр.