Алматыда жеңімпаздар форумы өтті (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауында айқын басымдықпен жеңіске «Нұр Отан» партиясының жеңісіне байланысты Жеңімпаздар форумы өткізілді.

Оған «Нұр Отан» партиясының республикалық сайлауалды штабы және Алматы қалалық филиалының басшылығы, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, партия атынан Алматы қалалық Мәслихаты мен ҚР Парламенті депутаттығына ұсынылған кандидаттар, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, сондай-ақ, қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

6 мың орындық Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы халыққа лық толды. Мойындарына арнайы бөкебай, қолдарына «Нұр Отан» партиясының жалауларын ұстаған жастар, оларды көңілді әуеннің ырғағына қарай бұлғап, «Нұр Отан», «Нұрсұлтан», «Қазақстан» деп ұран салып жатты.

Кейін, «Нұр Отан» партиясының белді мүшелері сахнаға шығып, жиналған қауымды партияның жеңісімен құттықтап, тілектерін білдірді.

«Шынында бұл ерекше сайлау болды. Біз сайлаушылармен мыңдаған кездесулер өткіздік. Халық бізді қолдап отыр. Енді, міне Мәжіліске, барлық деңгейдегі мәслихаттарға жаңа буын өкілдері, жаңа тұлғалар, білікті мамандар келді.

Олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының 17-ші съезінде жариялаған бағдарламасын жүзеге асыруға күш салатын болады. «Нұр Отан» партиясының құрылғанына17 жыл болса, осы жылдар ішінде партия қабылдаған бағдарламалардың барлығы да жүзеге асып келеді. Олар халыққа жақсылық, тыныштық әкелетін, экономиканы дамытатын бағдарламалар. Енді Елбасының алдымызға қойған жаңа міндеттері де ойдағыдай жүзеге асырылатын болады. Ал бүгінгі, жеңімпаздар форумы халықтың бірлігін, біріге отырып, Елбасын қолдайтындығын паш етіп отыр», - деді «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов.

Осыдан кейін форум белгілі эстрада әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты.