Алматыда жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы басқармаларының есебіне депутаттық тыңдау өтуде

АЛМАТЫ. Маусымның 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Алматы қала құрылысы кадастры» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны алғашқы жартыжылдықта 328 миллион 414 мың теңгенің жобалық-жоспарлау жұмысын жасады. Бұл бүгін Алматыда 4-ші шақырылған қалалық мәслихаттың депутаттық тыңдауында айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Сайран Фазыловтың айтуынша, Алатау ауданындағы жер телімдерін рәсімдеу шарасы жүріп жатыр. Қазіргі таңда өз бетімен салып алған тұрғын үйлерге 3130 жер теліміне оң шешім шығарылды. Түркісіб ауданындағы жұмыс тобымен бірге «Жас қанат» (Бақай) ықшам ауданының бас жоспары қаралып, мақұлданды және жеке тұрғын үй құрылысына 278 жер теліміне жағымды шешім шығарылды. Жалпы құжат айналымы 9525 құжатты құрады. Оның 1138-і әкім аппаратынан болды. Сондай-ақ 684 қызметтік корреспонденция, 1559 бастамалық хат, 454 азаматтар өтініші және қала әкімінің 70 қаулысы мен ұйғарымдары тіркелді.