Алматыда жезөкшелер ордасын ашқан 31 жастағы өзбекстандық әйел ұсталды

АЛМАТЫ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -Алматыда Өзбекстанда жеңгетайлық бизнесін бастап, оны енді Қазақстанда өркендетіп жүрген көрші елдің Расима есімді 31 жастағы бір азаматшысы әшкереленді.

Оның қойын дәптерінен жезөкшелер ордасында қызмет еткен қыздардың есімдері, олардың клиенттерге көрсеткен «қызметі» үшін алған ақшаларының көлемі мен әр келісімнен түскен жеңгетайдың үлестері жазылған.

«Бұл кітапшада кезінде оның «қамқорлық жасауымен» жұмыс істеген барлық жеңіл жүрісті бойжеткендердің тұрғылықты мекен-жайлары туралы мәліметтер де бар екен. Біздегі жедел мағлұматтар бойынша, бұл әйел жалға алынған жекеменшік үйде жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастырған. Жеңіл жүрісті бірнеше бойжеткен онымен бірге тұрып, сол жерде клиенттерге қызмет көрсеткен»,- дейді Алматы қаласы Ішкі істер депараментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының Адам саудасымен күрес бөлімінің бастығы Таңат Назанов. Расиманың қылмыстық кәсібін бақылаған жедел уәкілдердің мәліметі бойынша, ол жеңгетайлық бизнесті кәсіп еткенініне біраз уақыт болған. Оңай олжаға кенелуді ойлаған ол өз Отанында бастаған бұл кәсібін Алматыда жандандырып, пайдаға кенелмекші болған. Жедел уәкілдер жеңгетайды кезекті адам саудасы үстінде, яғни жезөкшелер үшін қолма-қол ақша алып жатқан жерінде құрықтады. Өзбекстандық әріптестермен байланысқан тәртіп сақшылары сондай-ақ, Расиманың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын, тұрақты жұмысы жоқ екендігін анықтады. Алматыда көші-қон заңдарын өрескел бұзған күдікті азаматшаның үстінен жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу және адамды бас бостандығынан заңсыз айыру фактісі бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуде.