Осы оқиғаға арналған брифингке Қазақстанның белгілі тұлғалары, халықаралық сарапшылар, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келген жетекші ғалымдар, ҚХА мен этномәдени бірлестіктер мүшелері қатысты.
«Жоба нәтижесі бойынша біз көптеген қызықты кітаптар шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл «Жібек жолындағы әңгімелер» серпінді дамып келе жатқанын көрсетеді. Мұрат Әуезовтің идеялық шабытының арқасында жоба жыл санап жаңа мазмұнмен толығуда», - деп атап өтті ҚР Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» директоры Наталья Калашникова.
Ертең, 24 қыркүйекте қатысушылар Талдықорғанға келеді. Онда «Орталық Азия: өңір халықтарының ниеттестігі мен келісімі» атты жобаның пленарлық отырысы өтеді.
«Жібек жолындағы әңгімелер» 2007 жылдан бастап жыл сайын Орталық Азия өңірі елдерінің қатысуымен өткізіліп тұрады.
Жоба мақсаты - Орталық Азия өңірлерінің елдері мен халықтары арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға, мәдениетаралық диалогты дамыту контекстінде жалпы мәдени және жалпы тарихи құндылықтарды сақтауға ықпал ету.
«Жібек жолындағы әңгімелер» шарасын Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияның басқа да елдерінде өткізу арманымыз ақырындап жүзеге аса бастады. Таяу күндері Ош қаласында зияткерлер форумы өтті, онда Жібек жолы мәселелері көтерілді», - деді мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.
Брифинг аяқталғаннан кейін жоба қатысушылары Алматы облысы Кербұлақ ауданына жол тартты. Одан әрі Шоқан Уәлиханов ескерткішіне гүл шоқтарын қою, Ұлы Жібек жолы маршрутының бағытымен танысып, Шыңғысхан төбесіне бару жоспарланып отыр.