15:52, 18 Маусым 2009
Алматыда «Жібек жолындағы Қазақстан» деп аталатын халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда «Жібек жолындағы Қазақстан» деп аталатын халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оны ҚР Білім және ғылым министрлігінің Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Ресей Ғылым академиясының Шығыс қолжазбалар институты мен Дуньхуан зерттеулері бойынша халықаралық үйлестіру кеңесі бірігіп ұйымдастырып отыр. Мақсат ? Ұлы Жібек жолы бойын мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениеттерінің өзара байланыстарын, олардың бір-бірімен қарым-қатынастар жүргізудегі тәжірибесін айқындау. «Ұлы Жібек жолындағы өркениеттер диалогы әлемге тамаша өнер туындыларын берді. Әлемдік ғылым үшін Дуньхуан қалашығынан табылған заттай дәлелдердің маңызы өте зор. Жібек жолы бойындағы қалалардан табылған Орталық Азия коллекциясы ІІ- ХІІІ ғасырларға жататын ежелгі заттардан тұрады. Оған 20-дан астам тіл мен жазу үлгісінен құралған иконалар, қабырғадағы жазу, мүсін өнері мен қолжазбалар кіреді. Жәдігерлердің басым бөлігі Санкт-Петербор қаласындағы Шығыс қолжазбалар институтында сақтаулы. Конференция аясында археологиялық, нумизматикалық ескерткіштерін, ежелгі мәтіндерді зерттеу, қолжазбаларды сақтаудың жаңа әдістерін жасау және оның сақталуына жағдай жасау бойынша мамандар арасында пікіралмасулар өтеді», дейді Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Меруерт Әбусейітова. Оның айтуынша, екі күндік бұл шараға Жапония, Қытай, Ресей мен Үндістаннан қолжазбалар палеографиясы мен кодикологиясы, тарих, археология және мәдениеттану саласындағы ғалым-мамандар қатысуда. Онда олар Жібек жолының тарихы, оның өркениеттік маңызы; Орталық Азияның тарихы бойынша жазба және археологиялық ескерткіштер; Қазақстан және Орталық Азия аумағындағы ежелгі өркениеттердің іздері; Аймақтың зерттелу тарихы, эспедициялар, олардың мұрағаттары мен жинақтары; Соңғы зерттеулердің нәтижелері деген тақырыптар бойынша жан-жақты талқылаулар жасайды деп жоспарланып отыр.