Алматыда жиһаз жасайтын цех пен автобөлшек қоймасы өртенді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жиһаз цехы мен автокөлік бөлшектерінің қоймасынан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін түскі сағат 13:55 шамасында өрт сөндіру көліктері Әуезов ауданы Өтеген батыр көшесі, 15А мекенжайынан шыққан өртке аттанған.

Алғашқы өрт сөндірушілер оқиға орнына 4 минутта жетті. Олар келгенде екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында автобөлшектер мен сөрелер орналасқан бокс өртеніп жатқан.

«Өрт шыққан ғимарат ішінде қою түтін пайда болды. Газ-түтіннен қорғау қызметі жылу түсіргіштің көмегімен өрт ошағын анықтау үшін барлау жүргізді» деп хабарлады департаменттен.

Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында өрт 25 минуттың ішінде ауыздықталып, сағат 14:42 кезінде толық сөндірілді.

Тілсіз жаудың ғимараттың екінші қабатындағы жиһаз цехы мен автокөлік бөлшектері бар қоймаларға таралуына жол берілмеді.

Зардап шеккендер жоқ.