Алматыда жіті ішек инфекциясымен 1,5 мың адам ауырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Осы жылдың сәуір айынан бастап Алматы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясы белгілері бар бір жарым мыңға жуық адам жүгінген, оның 854-і ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

И.С.Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекциялық бөлімшесінің меңгерушісі, инфекционист дәрігер Мээрим Евсееваның айтуынша, әлемде жіті ішек инфекциялары ауруларын жұқтыру екінші орында тұр.
«Ішек инфекцияларымен байланысты аурулар жазда күшейе түседі. Жылы және ылғалды ауа райы инфекция қоздырғыштарының көбеюіне барлық қолайлы жағдай жасайды. Сәуір айынан бастап Алматы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясы белгілері бар бір жарым мыңға жуық адам жүгінген, оның 854-і ауруханаға жатқызылды»,- деді ол.
Дәрігердің сөзінше, биыл Қазақстанда жіті ішек инфекцияларымен сырқаттанушылық 36,7% - ға өскен.
Сонымен бірге, маман шетелде демалу кезінде тек бөтелкедегі суды пайдалануды, қолды үнемі жууды және экзотикалық жемістерді алдын ала өңдеусіз тұтынбауды ұсынады.
«Өйткені, тырысқақтың барлық тіркелген жағдайлары өзге елдерден келген. Аса қауіпті инфекциямен сырқаттану 30 елде тіркелген, оның ішінде Үндістан, Түркия, Қытай, Филиппин, танымал және туристер жақсы көретін орындар» - деді ол.