Алматыда жоғары оқу орындарына арналған «Мәңгілік Ел» оқу құралы жарық көрді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы Қазақстан Республикасының жоғары білім саласындағы жүйеқұраушы фактор: оның мәселелері мен іске асыру перспективалары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Оған ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, ҚР ҰҒА академиктері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ЖОО ректорлары, сондай-ақ тарихшылар, философтар, әлеуметтанушылар, саясаттанушылар және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезінде «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын ұсынды. Қазір осы идея төңірегінде үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын оқу үдерісіне енгізу, сол арқылы жастардың дүниетанымын қалыптастыру үлкен мәселе болып отыр. Өйткені, мәңгілік елді мәңгілік ететін - жастар. Сондықтан, жастарға тек білім ғана беріп қоймай, «Мәңгілік Ел» идеясы аясында лайықты тәрбие де беруіміз керек. Қазір әлемде жаhандану үдерісі жүріп жатыр. Сол үшін бірінші кезекте ұлттық құндылықтарымызды жастардың бойына сіңіру қажет. Одан басқа, Елбасы айтқандай, Қазақстанда болашағы біртұтас ұлт қалыптастыруға күш салуымыз керек. Ал ол, бірінші кезекте қазақ халқының бірлігіне негізделеді. Сондай-ақ, елімізде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық нығайтып, ғылымға негізделген инновациялық экономиканы дамытатын болсақ, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы баянды бола түседі», - деді өз сөзінде ҚР ҰҒА академигі Әбдімәлік Нысанбаев.

Айта кетелік, жоғары оқу орындарына арналған «Мәңгілік ел» оқулығы алдымен тәжірибелік мақсатта шығарылып отыр. Онда болашақ мамандарға «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы аясында ұлттық тәрбие беру үдерісінің мән-мағынасы кеңінен көрініс тапқан.

Кітаптың шығуына Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Серік Пірәлиевтің басшылығы және бас редакторлығымен осы жоғары оқу орнының ғалымдары, сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ҰУ және басқа да жоғары оқу орындарының ғалымдары атсалысқан.

Кітап қазақ және орыс тілінде 700 данамен жарық көріп отыр. Алдағы уақытта осы оқулық аясында еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында талқылаулар жүретін болады.

Айта кетелік, ғалымдардың айтуынша, оқулық алдағы жылы жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енуі мүмкін.