Алматыда жол апатына қатысушылар полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жол апатына қатысушылар полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетті. Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне Алматы қ. ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.

«Бүгін Алматы қаласында Абай даңғылының солтүстік жағында, С. Мұқанов көшесінің бойында «Лексус» және «Дэу-Нексиа» екі жеңіл автокөлігі соқтығысты. Оқиға орнына болған жәйтті тіркеу үшін әдеттегідей жол-патрульдік полиция қызметкерлері келіп жетті. Бірақ, сол арада оқиға орнына бір топ жас азаматтар келе қалып, «Лексус» автокөлігінің жүргізушісін өздерімен бірге алып кетпек болды. Алдын ала мәлімет бойынша «Лексустың» жүргізушісі мас күйінде болған. Ал жаңағы жас азаматтар тіпті «Лексус» автокөлігінің мемлекеттік нөмірін де алып кетпек болған. Бірақ, полиция қызметкерлері бұған жол бермеді. Ал жас азаматтар оларға белсенді түрде қарсылық көрсеткен. Артынша, оқиға орнына қосымша жол-патрульдік полиция қызметкерлері келіп жетіп, билік өкілдеріне бағынбаған күдіктілерді ұстады. Қазір Алмалы ауданы ІІБ тергеу тобы тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдіктілердің жас мөлшері - 30-35 жас. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Яғни, бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін», - деді С. Әзірбек.

Қазір жол-көлік оқиғасының себептері анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.